Рафик Хасенұлы Хасенов - Семей қалалық соғыс, еңбек және қарулы күштер ардагерлері Кеңесінің төрағасы, Шығыс Қазақстан облысы «Ақсақалдар кеңесінің» мүшесі.
Р.Х. Хасенов Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтын «Қазақ тілі және әдебиеті» мамандығы бойынша тәмамдап, Аягөз қаласының орта мектебінде мұғалім болып қызмет істеді, әскери борышын өтеп келген соң – Аягөз аудандық халыққа білім беру бөлімінің меңгерушісі болды.
1960 жылы Рафик Хасенұлы партия жұмысына ауысты – саяси білім кабинетінің меңгерушісі, Қазақстан Коммунистік партиясы Аягөз аудандық үгіт және насихат жүргізу бөлімінің меңгерушісі, Үржар аудандық атқарушы комитетінің төрағасы болып қызмет атқарды. КОКП ОК жанындағы Жоғары партия мектебіндегі оқуын аяқтаған соң Көкпекті ауданына аудандық партия ұйымының бірінші хатшысы лауазымына қызметке жіберілді.
1980 жылы Р.Х. Хасенов Семей қаласындағы облыстық статистика басқармасына басшылық лауазымына ауыстырылды. Басшылық қызметінің 10 жылдық кезеңінен астам уақытында Рафик Хасенұлы өзін шебер шаруақор және жақсы ұйымдастырушы ретінде таныта білді. Нақ оның табандылығымен кейін облыстық статистика басқармасы орналасқан ғимараттың күрделі құрылысын салуға рұқсат алынды.
Мемлекеттік статистика органдарындағы көп жылғы адал қызметі үшін, Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығын дамытуға қосқан жемісті үлесі үшін Рафик Хасенұлы Хасенов екі Еңбек Қызыл Ту орденімен, екі «Құрмет белгісі» орденімен, Қазақ КСР Жоғары Кеңесі Құрмет грамотасымен, көптеген медальдармен және естелік белгілермен марапатталды. Сонымен қоса Р.Х. Хасеновтың еңбегі мен қоғамдық қызметі құрмет грамоталармен және алғыс хаттармен аталып өтілді.
2011 жылдың ІІІ тоқсанында Р.Х. Хасеновтың құжаттары мемлекеттік сақталуға тапсырылды, 1946 жылдан 2010 жылдар аралығындағы кезеңді қамтитын құжаттар оның өмірбаянынан, еңбек және қоғамдық қызметінен сыр шертеді.