2011 жылдың 4 тоқсанында ШҚО Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығына мемлекеттік сақталуға ақын, аудармашы, әдебиеттанушы, Қазақстан Республикасы жазушылар одағының мүшесі Сұлтанбеков Мұрат Рахымжанұлының жеке құжаттары келіп түсті.
Мұрат Рахымжанұлы өлең жазуды бала кезінен бастады. 1960 жылы Н.К.Крупская атындағы Семей педагогикалық институтының филология факультетін тәмамдады. Семей қаласындағы №3 мектебінде орыс тілі және әдебиеті пәндерінен сабақ берген, Семей облыстық комсомол комитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі, «Знание» қоғамының референті, Абай мұражайының ғылыми қызметкері, Семей педагогоикалық институтының ұстазы қызметтерін атқарған. 1994 жылдан бастап Мұрат Рахымжанұлы «Абай» журналының аға ғылыми қызметкері болып қызмет ете бастады.
Мұрат Сұлтанбековтың мынадай шығармалары бар: «Новые стихи», «Иртышский остров» өлеңдер және поэмалар жинақтары, «Хан Аблай и его батыры» тарихи очеркі. 2007 жылы Мұрат Рахымжанұлының «Поэтическое вдохновение: Абай, Шакарим и Мухтар» атты қазақ әдебиетінің классиктеріне арналған кітабы жарық көрді. 2011 жылы «Чайка Прииртышья» кітабы шығады. Бұл ақынның лирикалық шығармаларынан, Абай мен Шәкәрімнің шығармаларының аудармаларынан, ұлы тұлғалар жайындағы мақалалардан тұрады.
Мұрат Сұлтанбеков Ақылбай Құнанбаевтың (Абайдың ұлы) «Дагестан» поэмасын, Абай Құнанбаевтың «Безветренной ночью луна» өлеңдер жинағын, «Стихи Абая о четырех временах года» поэтикалық циклын, Ырысхан Мұсаұлының «Сага – устье реки» романын, Бейімбет Майлиннің «Жалбыр» музыкалық драмасын аударды.
Мұрат Сұлтанбеков Шәкәрім шығармаларының аудармаларын «Казах в зеркальном отражении» деген атпен 2008 жылы жарыққа шығарды. Осы кітапқа енген «Қалқаман мен Мамыр», «Еңлік пен Кебек», «Лейла мен Меджнун» поэмаларын оқуға оқырмандар үлкен мүмкіндік алып отыр.
«Абай» журналында, Республикалық және Семей қалалық басылымдарда Мұрат Сұлтанбековтың өлеңдері, поэмалары, очерктері, рецензиялары, мақалалары жарық көрді.
Мұрат Сұлтанбеков жалпы Қазақстан бойынша және аймақтық мәдени мұрасының дамуына ат салысқан тұлға.
Мұрат Рахымжанұлы Сұлтанбековтың құжаттары №1602 қорын құрайды және 1960 жыл мен 2011 жыл аралығын қамтиды.