Ұлы Отан соғысына қатысқан Қайыпбек Қожамқұлұлы Қожамқұловтың туғанына 90 жыл (1926-1998жж.).
Ол Қызылорда облысының Қорған ауданы Ақтөбе жаны ауылында дүниеге келген. Ата-анасынан ерте айрылды. 1934 жылдан 1941 жылдар аралығында Шымкент және Түркістан қалаларының балалар үйінде тәрбиеленді. 1941 жылдың тамыз айында Түркістан қаласының балалар үйі басшылығы Қайыпбек Қожамқұловты тәрбиеленушілер тобымен Қызылорда ауыл шаруашылығы техникумына оқуға жібереді. 1944 жылы техникумның агрохимия және топырақ зерттеу бөлімін тамамдаған Қ. Қожамқұлов, Қызылорда облысының Терең-Ұзақ аудандық жер бөліміне агроном-тұқым өсіруші ретінде жіберіледі. Кейін ол, 1945-1946 жылдары Қызылорда облысының Қазалы аудандық жер бөлімінде агроном-тұқым өсіруші болып қызмет жасады.
1946 жылғы маусымда Қ.Қ. Қожамқұлов Түркістан Әскери округіне Кеңес Әскері қатарына шақырылды. 1946 жылғы қарашада КСРО Жоғары Кеңесінің Президиумы Жарлығымен әскери қызметтен босатылып, білімді маман ретінде Қазақ КСР-ның халық шаруашылығын қалпына келтіруге жіберілді – Қызылорда облысының Қазалы ауданы машина-тракторлық станциясында учаскелік агроном болып жұмыс істеді.
1948 жылы ол Қазақ Мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтына оқуға түсті. 1953 жылы институтты үздік бітіріп, Павлодар облысына жолдама алып, Трофимовка машина-тракторлық станциясында бас агроном болып қызмет атқарады, қосымша жұмыс ретінде «Павлодарская правда» газетінің ауылдық тілшісі және Семей радиохабарларын тарату комитетінің штаттан тыс корреспонденті болды.
1959 жылы Қайыпбек Қожамқұлұлы Семей қаласына көшіп келеді. Семей облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында үш жыл бойы бас агроном болып қызмет жасайды, кейін Семей облысы бойынша Қазақ КСР Мемлекеттік бақылау тобының бақылаушысы болып тағайындалады.
Семей облыстық партия комитетінің тапсырмасымен Семей облысының аудандарына жем-шөп дайындау, сүдігер жырту үшін, сондай-ақ жер жырту сапасын, жүгері егістігінің жай-күйін тексеру үшін тәжірибелік көмек көрсетуге байланысты бірнеше рет іссапарларға шықты.
1966 жылы Қайыпбек Қожамқұлұлы Жаңа Семей халық бақылау комитетінің төрағасы болып тағайындалып, онда зейнетке шыққанға, яғни 1981 жылға дейін қызмет істеді.
Қайыпбек Қожамқұлұлы Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығын дамытуға көп жылдар бойы қосқан үлесі үшін «Құрмет Белгісі» орденімен, «Ерен еңбегі үшін», "Тың жерлерді игергені үшін" медальдарымен, "КСРО халықтық бақылау органдарындағы белсенді жұмысы үшін" құрмет белгісімен, Қазақстан КП ОК мен Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің партиялық-мемлекеттік бақылау Комитетінің Құрмет грамотасымен марапатталған.