|
КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты - Л.А. Бедареваға 65 жыл толады. Любовь Александровна Бедарева 1952 жылы Семей қаласында дүниеге келді. 1969 жылы мектеп бітірді. Еңбек жолын 1969 жылы "Большевичка" өндірістік тігін бірлестігінде тігінші болып бастады. 1974 – 1976 жж. Арқалық қаласында тұрып, қалалық өндірістік комбинатында тігінші болып жұмыс істеді. Ол 1976 жылы Семей қаласына қайтып келіп, өзінің бұрынғы жұмыс істеген орны "Большевичка" өндірістік тігін бірлестігіне орналасады. Л. А. Бедарева көптеген жылдар бойы өндірістік тапсырмаларды орындау жарыстарында алдыңғы қатардағылардың бірі болды, «Мамандығы бойынша ең үздік» атағын алу үшін социалистік жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы атанды. Үлгілі еңбегі және қоғамдық өмірге белсенді қатысқаны үшін «Тоғызыншы бесжылдықтың үздік жұмысшы», «Ысылған шебер» БЛКЖО ОК белгілерімен марапатталды. |