Ұлы Отан соғысының ардагері Қасым Құрманғалиұлы Құрманғалиевтың туғанына 110 жыл.
Ол 1907 жылы Семей губерниясы Өскемен уезі Сұлу сары болысының № 6 ауылында дүниеге келді (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Шар ауданы Мұртас ауылы). 11 жасында ата-анасынан айрылған оны, туысы Сапарғали Әбішев өз тәрбиесіне алады.
1918 жылдан 1924 жылдар аралығында Қасым байлардың бақташысы болып жұмыс істейді. Арабша хат таныған ол, 1924 жылы төрт жылдық мектепті, 1927 жылы- Өскеменнің жеті жылдық қазақ мектебін тәмамдады. 1927-1928 жылдары Қ.Қ. Құрманғалиев Шерубай ауылында мұғалім болып қызмет атқарды, бұған қоса Қазақстан КП Жарма аудандық комитеті хатшысының көмекшісі болып табылды. Жарма аудандық комсомол комитеті бюросының мүшесі бола отырып, Семей облысы Жарма ауданының елді мекендерінде комсомол ұяшықтарын ұйымдастырды және басшылық етті.
1928 жылы ол Семей округтік үш жылдық партия мектебіне оқуға түсіп, онда комсомол ұяшығының мүшесі болады, тәркілеуге  қатысты шараларды дайындап, өткізуге және ұжымдық шаруашылықтарды құруға қатысты.
1930-1931 жылдары Мақаншы және Үржар аудандарының комсомол комитетінің аға инспекторы болып қызмет атқарады, жастар арасында белсенді комсомол жұмыстарын жүргізді. 1932 жылы Түркімен КСР Ашхабад қаласында бір жылдық орта командирлердің оқу курсын бітірді. 1933 жылдың қаңтар айында Қасым Құрманғалиұлы Семей облыстық милиция басқармасына қабылданып, майданға кеткенше қызмет атқарады. 1942 жылы ол өз еркімен майданға аттанады. 7-ші Армияның  36-шы Гвардиялық атқыштар дивизиясының "Смерш" контрреволюциалық барлау қызметінің жедел қызметкері ретінде міндетін атқарды. Ол Сталинград, Дон, Ворошилов, Степной, 2 және 3-ші Украина майдандарында соғысып, Сталинградты қорғауға, Украина, Румыния, Венгрия, Чехословакияны азат етуге қатысты.
Днепрден өткендегі ұрыста  көрсеткен ұйымдастырушылық қабілеті үшін Қ.Қ. Құрманғалиев Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталуға ұсынылды.
104-ші Гвардиялық Ясском атқыштар полкы бойынша 1944 жылғы 24 шілдедегі бұйрығымен, 11 адамнан тұратын неміс барлаушыларын тұтқынға алған кезде көрсеткен ерлігі үшін,  "Вальтер" атаулы тапаншасымен марапатталды.
Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін Қ.Қ. Құрманғалиев Германияда 1946 жылға дейін Кеңес әскерлерінің тобында болған. Содан кейін Шығыс Қазақстан облысы Ұлан аудандық ІІМ бөлімшесінің бастығы,  1951 жылдан 1958 жылға дейін – Семей облысы ІІБ бастығының орынбасары болып жұмыс істеді. 1958 жылы зейнеткерлікке шықты.

Ұлы Отан соғысында көрсеткен батылдығы мен ерлігі, үшін Қасым Құрманғалиұлы I және II дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, Қызыл Жұлдыз, Қызыл Ту ордендерімен, "1941-1945жж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін", "Жауынгерлік еңбегі үшін", "Сталинградты қорғағаны үшін", "Будапешті азат еткені үшін", мерейтойлық медальдармен және төсбелгілерімен марапатталды.