Ұлы Отан соғысының қатысушысы Иван Евдокимович Соколовтың туғанына 110 жыл. Ол 1907 жылы 20 мамырда Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданы Лавровка ауылында туған. 1925 жылы мектепті бітіреді. 1929 жылдың қараша айынан бастап Солтүстік-Азия әскери округінің 8-ші жеке атты әскер бригадасының курсанты, ал 1931 жылдың қаңтар айында ол бөлімше командирі болды.
1931 жылы Иван Евдокимович Орынбор қаласының Ворошилов атындағы 3-ші әскери ұшқыштар мектебіне оқуға түседі. Мектепті бітіргеннен кейін, 1932 жылы ол Киев әскери округінің 75-ші жеке авиациялық эскадрильяның атқыш-бомбалаушысы болып қабылданды, ал 1938 жылы 18-ші кіші авиамамандары мектебін аяқтағаннан кейін, 2-ші авиациялық эскадрильясының 11-ауыр авиаполкіне штурман болып қабылданды.
Ұлы Отан соғысы басталғанда И.Е. Соколов Новосібір қаласындағы Сібір Әскери округі 19-шы авиаполкінің эскадрилья штурманы болып қызмет еткен, 1941 жылдың қараша айында ол жаңадан құрылған 674-ші бомбалаушы авиациялық полкіне ауыстырылды. Полк 57-ші атқыштар артиллериясы құрамына кірді, ал 1942 жылдан бастап – 11 Армияның әскери-әуе күштері құрамына қарады. И.Е. Соколов полк құрамында жүріп Солтүстік-Батыс майданындағы Ярослав, Новгород областары мен Карелияда соғысты.
Ұлы Отан соғысының басынан аяғына дейін И.Е. Соколов 211 жауынгерлік тапсырмамен ұшты, ал барлық әскери қызметі уақытында 1937 жылдан 1945 жылдар аралығындағы ұшулар саны 600-ден астам, яғни әуеде өткізілген 576 сағатқа сәйкес келеді.
Ол 1942 жылдың жазында жараланады, Омбы қаласындағы №2511 эвакогоспиталінде емделгеннен соң, Новосібір қаласындағы Сібір әскери округінің 20-шы авиаполкі штурманының көмекшісі болып қабылданады, ал 1944-1946 жылар аралығында – Харьков әскери округінің 193-ші авиаполкінің штурманы болады.
Соғыстан кейінгі жылдары ол Ақмола, Қарағанды, Семей қалалары аэропортының басшы қызметінде болады. 1964 жылы құрмет демалысына шығады.
Көп жылдық еңбегі мен сүйікті ісіне адалдығы үшін И. Е. Соколов "Аэрофлоттың үздігі" атағына ие болды. Ұлы Отан соғысына қатысқаны үшін «Отан соғысының I дәрежелі» орденімен, Қызыл Ту және Қызыл Жұлдыз орденімен, "Жауынгерлік еңбегі үшін" медалімен, "1941-1945жж Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс үшін" медалімен, көптеген мерейтойлық медальдармен марапатталған.

 

Ұлы Отан соғысы ардагері 674-ші авиациялық бомбалау полкінің штурманы, подполковник Соколов Иван Евдокимовичтің құжаттары Ұлы Отан соғысы ардагерлері құжаттарының коллекциясын толықтыра түсті.
И.Е.Соколов кішкентай кезінен әскери болуды армандап, мақсат қойды. Орынбор қаласындағы Ұшқыштар мектебін 1932 жылы тәмамдап, 1941 жылға дейін 70-ші авиациялық эскадрильде атқыш-бомбалаушы болған. Ал 1941 жылдан бастап 11-ші Әскерінің әскери-әуе күштерінің 674-ші авиациялық бомбалау полкіне ауыстырылды.
1942 жылдың 30 наурызында әскери тапсырманы орындау барысында Иван Евдокимовичтің самолеті оқ астында істен шығып, өзі болса қатты жараланған болатын. Соғыс аяқталғаннан кейін Ақмола, Қарағанды, Семей аэропорттарында басшы болып өмірін сүйікті ісіне арнады.
Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі үшін Ұлы Отан соғысының 1 дәрежелі орденімен, Қызыл Ту және Қызыл Жұлдыз орденімен, «Әскери еңбегі үшін» медалімен, сондай-ақ көптеген мерейтойлық медальдарымен марапатталды.