Қазақстан КП Семей облыстық комитетінің екінші хатшысы, Еңбек Ері Павел Васильевич Савельевтің туғанына 90 жыл. Ол 1927 жылы Астрахань облысы Икряженск ауданы Федоровка селосында дүниеге келді. 1941 жылы отбасымен Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласына көшірумен келген еді.
1947 жылы Павел Васильевич өзен техникумында оқып, кейін Новосібірдің су көлігі институтын тәмамдайды. Семейдің кеме жөндеу зауытында диспетчер болып жұмыс істесе, кейін Өскеменде жол дистанциясында аға инженер, Жоғары-Ертіс өзені кеме шаруашылығының құрылыс учаскесінің бастығы, «Семсельстрой-22» тресінің басқарушы болып қызметтер атқарады.
1972 жылдан 1978 жылдар аралығында Павел Васильевич Семей қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы болса, ал 1978 жылдан 1988 жылдар аралығында Қазақстан КП Семей облыстық комитетінің екінші хатшысы болады.
П.В. Савельев Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қазақстан коммунистік партиясының 24-ші және 26-шы съездерінің депутаты болып сайланса, ал 1976 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшесі болып сайланады.
Үкімет П.В. Савельевтің еңбегін жоғары бағалады. Ол екі мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен, Қазан Төңкерісі орденімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің мақтау қағаздарымен марапатталған.