Семей облыстық атқару комитетінің архив меңгерушісі, еңбек ардагері Төлеу Шагировна Сағымбаеваның туғанына 100 жыл толды.

Төлеу Шагировна Семей облысы Көкпекті ауданының №3 ауылында дүниеге келген. Жалпы білім беретін мектептің 6 сыныбын бітіргеннен кейін Алматы педагогикалық техникумына түсті, бірақ 2 жыл оқып, науқастануына байланысты оқуын жалғастыра алмайды. Еңбек жолын 1940 жылдың қаңтарынан бастап «Халық мұғалімі» журналы редакциясының машинисті болып бастайды. 1942 жылы қаржы қызметкерлерін қайта даярлау курсын бітіргеннен кейін ол 1944 жылдың сәуіріне дейін қаржы органдары жүйесінде қаржы инспекторы, Алматы облысы Ұйғыр ауданының Ұйғыр аудандық қаржы бөлімінің Салық және мемлекеттік бюджет бойынша аға инспекторы болып жұмыс істеді.

image-513-613.jpg

1944 жылдың маусым айынан бастап 1948 жылдың қыркүйек айына дейін Т.Ш.Сағымбаева Кеген, кейін еңбекшілер депутаттарының Аягөз аудандық кеңесінде басшылық қызметте жұмыс істейді. 1948 жылы Аягөз аудандық қаржы бөлімінің меңгерушісі – қаржы қызметіне қайта оралады.

1953 жылы Төлеу Шагировна Қазақстан КП ОК жанындағы екі жылдық партия мектебін бітіреді және осы жылдың тамыз айынан бастап Қазақстан КП Шұбартау аудандық комитетінің хатшысы, ал 1958 жылдың қараша айынан бастап сол ауданның аудандық атқару комитетінің төрайымы болып жұмыс істейді. Бұл жұмыста ол өзін қабілетті, бастамашыл қызметкер ретінде көрсетті. Ол қызмет істеген кездері аудан колхоздары мемлекеттік нан дайындау жоспарын орындау, ірі қара мал басының өсуі бойынша жақсы нәтижелер көрсетті, сол үшін Төлеу Шагировна аудандық, облыстық Құрмет Тақтасына енгізілді.

1971-1983 жылдар аралығында Төлеу Шагировна Семей облыстық атқару комитетінің архив бөлімін басқарды.

Ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін Төлеу Шагировна екі рет «Құрмет Белгісі», «Еңбек Қызыл Ту орденімен», «Ерен еңбегі үшін», «Тың жерлерді игергені үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталды.